Бүгін халықаралық медбикелер күні
Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі. Бұл күні ақ халатты абзал жанды медбикелерге құрмет көрсетіліп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіріп жатады. Медбикелердің кәсіби мерекесі дәл осы күні тектен текке атап өтілмейді. Бұл күні Англия елінің азаматшысы, медбике Флоренс Найтингейл дүниеге келген. Ол Қырым соғысында өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүние жүзі бойынша тұңғыш қайырымдылық қызметін ашты. Қайырымдылық қызмет аясында олар соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, ем-дом шараларын өткізген. алықаралық медбикелер күніне жүз елу жылдан астам уақыт толса да, оны атап өту шарасы алғаш рет 1953 жылы басталған-ды. Бірақ, 1965 жылдың қаңтар айында ғана бұл күн ресми түрде тіркеліп, дүниежүзілік мәртебеге ие болды. Бұл күні әлемнің 141 мемлекетінің медбикелері бас қосып, Халықаралық медбикелер кеңесінің негізін қалаған болатын. Содан бері әр жылдың 12 мамырында дүниежүзі бойынша Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі.
Бүгін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының мәжіліс залында осы айтулы күн аталып өтті. Орталық бас дәрігерінің м.а. Ж.Т.Жексембиев қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады және денсаулық сақтау саласындағы адал және көпжылдық еңбегі үшін мақтау грамотасымен марапаттады.