Маскүнемдік

       Маскүнемдік  — спиртті ішімдіктерге салынушылық. Бұл адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіреді. Маскүнемдік мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейді. Мас адам бағыт-бағдарынан айырылып   жүре алмайды, соның салдарынан бақытсыз жағдайға ұшырайды, жұмыс қабілеттен айырылады. Ішкіліктің болашақ ұрпаққа зиянды екендігі де дәлел маскүнемнің балалары да  көп жағдайда кеміс, ақыл-есі кем болып туады.

       Ішімдікке салыну, тіпті аз мөлшерде ішкеннің өзінде де, созылмалы алкоголизмге әкеліп ішпесе тұра алмайтын дертке шалдықтыруы, ішкі органдары кеселге ұшырату, адамның  мінез-құлқын  өзгертуі мүмкін. Ауру бірте-бірте өршиді. Маскүнемдікке салыну әуелі әуестіктен, соңынан әр нәрсені сылтау етіп, әйтеуір ішуді мақсат етуден, соны үйреншікті әдетке айналдырудан келіп туады. Алкоголизмнің алғашқы сатысы шамамен 5-7 жылға созылады. Ішкілік дертіне шалдығудың екінші сатысы — бас жазу. Алкоголизм өршіген сайын ішімдіктің қолайсыз әсері күшейе түседі қолы қалтырайды, терлейді, ұйқысы қашады, өз-өзінен үрейі ұшып, мазасы кетеді. Алкоголизмнің екінші сатысында ішкі органдар мен нерв жүйелері едәуір зақымданады, қатты және созылмалы алкоголь психоздары пайда болады —  көзіне әр нәрсе елестейді. Алкоголизмнің екінші сатысы 10—15 жылға созылады. Мұндайда адам алкогольді көтере алмайды, спиртті ішімдіктің шағын дозасының өзі мас етеді. Еңбекке жарамайды, ақыл-есінен айырылады.

       Ауру асқынбай тұрғанда — созылмалы алкоголизмге дейін — әркімнің ішімдіктен бас тартуына болады. Тек өзіне ерік беріп, ішімдікке салынудың денсаулығына да, туыстары мен жора-жолдастарына да, қоғамға да зиянды екендігін түсінсе болғаны. Емдеудің негізгі үш кезеңі бар олар — алкогольден улану зардабын жою және жалпы көңіл-күйін қалпына келтіру, ішімдікке әуестік әдетті жойылып, аурудың қайталамауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану. Дәрі-дәрмекті және психотерапияны қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралар жасаудың айрықша маңызы бар.