Жиі қойылатын сұрақтар
- Еліміздегі психикалық денсаулық орталықтарының саны қанша және олар қайда орналасқан? Олардың саны жеткілікті ме? Сыйымдылығы қандай?
Қазақстанда психикалық белсенді заттарға (ПБЗ) тәуелділігі бар науқастарға 14 облыс орталығында және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында қызмет ететін Психикалық денсаулық орталықтарында стационарлық деңгейде медициналық-әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының филиалы (Павлодар қ.) жиырма жыл бойы ПБЗ-ға тәуелділігі бар адамдарға медициналық-әлеуметтік оңалтудың кешендік бағдарламасын көрсетіп келеді.
Медициналық-әлеуметтік оңалту медициналық және әлеуметтік іс-шаралардың кешендік, өзара байланысты жүйесін қамтиды, үш кезеңнен тұрады және физикалық тәуелділіктен арылуға, психикалық тәуелділікке бақылау орнатуға, биологиялық және әлеуметтік дағдыларды қалпына келтіруге, нашақорлыққа қайта ден қоюға төзімділікті қамтамасыз ететін тұлғалық қасиеттерді дамытуға бағытталған.
- Қазақстан Республикасында жасөспірімдер арасындағы нашақорлық мәселесі қалай?
Ресми статистикалық деректерге сәйкес, соңғы бес жыл ішінде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды пайдаланудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылуларына байланысты динамикалық бақылауда тұрған кәмелетке толмағандар санының 2016 жылғы 159-дан (100 мың халыққа шаққанда 2,8) 2020 жылы 80 адамға (100 мың халыққа шаққанда 1,2) дейін төмендеуі байқалады.
ҚР-да 2017-2018 жылдары жүргізілген Қазақстан Республикасының жастары арасында есірткі пайдалану бойынша ұлттық зерттеудің мақсаты ПБЗ пайдаланудың клиникалық, әлеуметтік-эпидемиологиялық предикторларын және 13-18 жас тобында ПБЗ тұтынудың таралуын анықтау болды, зерттеу сауалнамадан өткендердің 1,6%-да ПБЗ-ға тәуелділік (алкоголь мен темекіден басқа) анықталғанын көрсетті.
- Нашақорлардың орташа жасы қандай? Адам жасы тұтынатын есірткі түріне (синтетика, табиғи текті) байланысты ма?
Ресми наркологиялық есепте тұратын, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды пайдаланудан туындаған психикалық, мінез-құлық бұзылулары бар адамдар арасында негізгі жас 40-45 жасқа тура келеді. Бұл топты негізінен апиындарға тәуелді адамдар құрайды.
Синтетикалық есірткілерге («спайстар», «тұздар») тәуелді адамдар арасында негізгі жас 30-35 жасқа; ұшқыш ерітінділерге тәуелді адамдар арасында негізгі жас 20-25 жасқа тура келеді.
- Нашақорлықтан зардап шегетін науқастар қалай толық сауығады?
Нашақорлық – айқын білінетін медициналық-әлеуметтік салдарымен сипатталатын созылмалы ауру. Қазіргі заманғы наркологияда емдеу табыстылығының ең жиі көрсеткіші берік ремиссия, ПБЗ тұтынудан тежелу болып табылады.
Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстан Республикасында ұзақ мерзімдік ремиссияға байланысты емделушілердің 14,8%-ы наркологиялық есептен алынды. Медициналық-әлеуметтік оңалтудың толық курсынан өткен пациенттер арасында бұл көрсеткіш 28%-ға дейін артады.
- Денсаулық сақтау саласының қай заңдарында «лудомания» термині кездеседі?
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында денсаулықпен байланысты аурулар мен мәселелердің оныншы қайта қаралымдағы Халықаралық статистикалық жіктеуіші қолданылуда (АХЖ-10). Лудомания (ойын құмарлық, ойынға тәуелділік, гэмблинг тәуелділік) – құмар ойындарына патологиялық құштарлық психикалық, мінез-құлық бұзылулары, дағдылар мен әуестік бұзылулары айдарында (F 63.0 шифрі) жіктелінеді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (31.03.2021-ғы өзгерістермен және толықтырулармен) 20-бөлімі 1-параграфымен психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету мәселелері реттелінеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген стационарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларында құмар ойындарына патологиялық құштарлық тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеуге жатады.
- Мас болу дәрежесін (жеңіл, орташа, ауыр) анықтау үшін қандағы алкогольдің/психикалық белсенді заттың сандық құрамының қатынасы (промиллемен) қандай нормативтік-құқықтық актімен реттелінген?
Қандағы алкоголь концентрациясын промилледе бағалау – шамамен алынған көрсеткіш. Қандағы алкогольдің сандық құрамының стандартты қатынасы және куәландырылушы адамның клиникалық күйін бағалау тек бағдарлы сипатқа ие, әр түрлі көздерде промилле мен мас болу дәрежесінің қатынасы әр түрлі (мысалы, Ресейде 2013 жылдан бастап мас болу күйі дем шығаратын ауаның литріне спирттің 0,16 миллиграммынан бастап анықталады (қандағы 0,3 промилле), АҚШ нормативтік қалыптарында алкогольдің әрекет ету әсерлері 0.2-0.29 ‰ басталады (FlightPhysical.com сайты). Сондай-ақ, ересектердің мас болу дәрежесін бағалауда қолданылатын қандағы алкоголь құрамының сандары балалар мен жасөспірімдерге қатысты қолданылмайды. Сондықтан, медициналық қызметкерлердің қорытындысының негізі психикалық және соматоневрологиялық күйді кешенді бағалау түріндегі клиникалық тексеру деректері болып қала береді.
Дәрігер (медициналық қызметкер) өз тәжірибесінде маскүнемдік сараптамасы мәселелері жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды пайдалана алады (Н.Б. Ережепов, А.А. Құсайынов, М.В. Прилуцкая-Cущенко, 2011), онда дем шығаратын ауада және қанда алкоголь буларының құрамы сәйкес келеді және қан мен ауа тығыздығының қатынасын ескере отырып, қан бойынша промилледе (‰) жуықтап айқындалған деп көрсетілген.
- Адамдардын мас болу дәрежесі қалай анықталады? Қандағы алкоголь/психикалық белсенді заттың құрамы мен мас болудың, мінез-құлықтың сыртқы белгілеріне қатысты мас болу дәрежесін анықтау кезінде медициналық қызметкер нені басшылыққа алады?
Жоғарыда көрсетіліп өткендей, қорытындыда тірі адамдардың мас болу дәрежесін белгілеу үшін алкоголь/психикалық белсенді заттың мөлшері (құрамы) емес, мас болудың клиникалық симптомдарының айқындылығы айқындаушы болып табылады. Сондықтан, медициналық қызметкер психикалық және соматоневрологиялық күйді кешенді бағалау түріндегі клиникалық тексерудің деректерін басшылыққа алады.
- Қаннан алкоголь табылған кезде адам мас емес деп танылуы мүмкін бе (0,3-0,5 промилле)?
0,5‰ мөлшерінде ағзада кездесетін алкоголь орталық жүйке жүйесіне барынша аз әсер етеді. Бұл жағдайда жоғары ықтималдылықпен субклиникалық фаза (симптомдар пайда болғанға дейінгі кезең) анықталады және «алкогольді тұтыну фактісі, алкогольді мас болу белгілері анықталмады» деген қорытынды шығарылады. Алайда, алкогольдің шекті жол берілетін мөлшері әр түрлі және адам ағзасының жеке ерекшеліктеріне тікелей байланысты болады.
9.«Динамикалық бақылау» ұғымы нені білдіреді?
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес келесі ұғым қолданылады: «динамикалық бақылау – бұл емделушінің денсаулық күйін жүйелі бақылау, сондай-ақ осы бақылаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету».
Динамикалық бақылау ауыр, тұрақты, жиі асқынатын ауру белгілері бар созылмалы немесе ұзаққа созылған психикалық және мінез-құлық бұзылуынан (ПМБ) зардап шегетін адамға қатысты белгіленеді (Кодекстің 176-бабы, 2-тармағы).
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығына сәйкес (бұдан әрі – № 203 бұйрық) ПМБ бар адамдарды динамикалық бақылау асқынулардың және созылмалы ПМБ ағымы нашарлауының алдын алу мақсатында жүргізіледі.
Динамикалық бақылау мыналарды қамтиды: емдік-диагностикалық іс-шаралар, денсаулық сақтау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру, оңалтудың дербес бағдарламасын әзірлеумен оңалту әлеуетін анықтау, қоғамдық қауіпті әрекеттердің алдын алу.
10.Динамикалық бақылауға алу тәртібі және динамикалық бақылаудан шығару тәртібі
ПМБ бар адамдарды динамикалық бақылау, сондай-ақ ПМБ бар адамдарға динамикалық бақылауды тоқтату тәртібі № 203 бұйрықтың нормаларымен айқындалған.
№ 203 бұйрықтың 6-тармағына сәйкес психиатриялық бейіндегі дәрігер келесі іс-шараларды жүзеге асырады:
1) емделушіге динамикалық бақылауды жүзеге асыру қажеттілігі, тексерулердің, зертханалық және жабдықтық зерттеулердің тізбесі, көлемдері, өткізу мерзімділігі және бақылау мерзімдері туралы хабарлайды;
2) ПМБ бар адам динамикалық бақылауға алу туралы жазбаша келісім берген жағдайда оған динамикалық бақылау белгіленеді;
3) ПМБ бар адам немесе оның заңды өкілі ерікті түрде динамикалық бақылаудан бас тартқан жағдайда адам оның немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз динамикалық бақылауға қою мәселесін шешу үшін дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі – ДКК) отырысына жіберіледі.
№ 203 бұйрыққа сәйкес есептен алу және динамикалық бақылаудың басқа тобына ауыстыру азаматтың тұрғылықты жері бойынша учаскелік психиатр дәрігерінің ұсынымы бойынша ДКК шешімі негізінде жүзеге асырылады.
11.ДКК жұмыс тәртібі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Дәрігерлік- консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы» 2015 жылғы 5 мамырдағы № 321 бұйрығының 4-тармағына сәйкес (бұдан әрі – № 321 бұйрық) дәрігерлік-консультациялық комиссия (бұдан әрі – ДКК) медициналық ұйым басшысының бұйрығымен құрылады.
ДКК құрамы, мүшелерінің саны (кемінде үш дәрігер), жұмыс тәртібі мен кестесі медициналық ұйым басшысының бұйрығымен бекітіледі.
ДКК құрамына төраға, комиссия мүшелері және хатшы кіреді.
ДКК аптасына кемінде 1 рет медициналық ұйым басшысы бекітетін жоспар-кестелердің негізінде отырыстарды өткізеді.
ДКК жоспардан тыс отырыстары ДКК төрағасының шешімімен өткізіледі (№ 321 бұйрықтың 10-тармағы).
№ 321 бұйрықтың 11-тармағына сәйкес ДКК емделушіні медициналық тексеруден өткізгеннен, оның медициналық құжаттарын зерттегеннен кейін, клиникалық-диагностикалық тексерулердің нәтижелеріне, өткізілген емдеудің және медициналық оңалтудың нәтижелеріне қарай, еңбек, кәсіп жағдайлары мен сипатын бағалағаннан кейін шешім қабылдайды. ДКК мүшелерінің көпшілігі қолдаған жағдайда ДКК шешімі қабылданған болып саналады.
ДКК шешімі ДКК отырысының хаттамасымен рәсімделеді, хаттама медициналық ұйымның атауын, отырысты өткізу күнін, қатысқан ДКК мүшелерінің тізімін, талқыланатын сұрақтардың тізімін, шешім мен оның негізделуін қамтиды (№ 321 бұйрықтың 12-тармағы).
ДКК шешімі бастапқы медициналық құжаттамаға енгізіледі, ДКК төрағасы мен мүшелері қол қояды (№ 321 бұйрықтың 13-тармағы).
12.Жұмысқа немесе оқуға қабылданғанда «Медициналық анықтама (дәрігерлік кәсіби-консультациялық қорытынды)» 075/е нысанын алу үшін психиатр және нарколог дәрігердің қорытындысын алу қажет пе?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. «Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттаманың нысандарын бекіту туралы» 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына сәйкес бұрын қолданыста болған 086/е нысаны 075/е нысанына өзгертілді.
№ 075/е нысанына сәйкес қандай да бір кәсіптік қызметте жағымсыз салдардың алдын алу үшін, тексерілушіде жұмыстарды орындауға қарсы көрсетілімдердің болуын немесе болмауын анықтау үшін қажетті нарколог пен психиатрдың қорытындылары көзделеді.
075/е нысанын алу Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптары болып табылады.
13.Жынысты ауыстыруға қатысты мәселелер
Психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулары) бар адамдарды қоспағанда, жиырма бір жасқа толған, әрекетке қабілетті, жыныстық сәйкестендіру бұзылулары бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар – Кодекстің 156-бабы.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығымен жынысты ауыстыру тәртібі, жынысын ауыстыруды қалайтын адамдарды медициналық куәландыру жөніндегі комиссия отырыстары, медициналық тексерулердің тізімі және т.б. мәселелер реттелінген.
14.Есепте тұрғаны/тұрмағаны туралы анықтаманы қалай алуға болады?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығына сәйкес (бұдан әрі – № 49 бұйрық) «Психиатрия» психикалық денсаулық орталығының мәліметтерін ұсыну» және «Наркология» психикалық денсаулық орталығының мәліметтерін ұсыну» мемлекеттік қызметтерін көрсету қағидалары бекітілді.
№ 49 бұйрыққа сәйкес мемлекеттік қызметті денсаулық сақтау ұйымдары (бұдан әрі – қызмет беруші) жеке тұлғаларға (бұдан әрі – қызметті алушы) www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы көрсетеді.
Мемлекеттік қызметті алу үшін қызметті алушы портал арқылы электронды сұраныс жолдайды, онда «жеке кабинетте» қызметті алушыға хабарлама – мемлекеттік қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген сұраныстың қабылданғаны туралы есеп жіберіледі, бұл жағдайда қызмет беруші «электронды үкімет» шлюзы арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді алады (№ 49 бұйрықтың 3-тармағы).
Сондай-ақ, есепте тұрғаны/тұрмағаны туралы анықтаманы алу үшін eGOV mobile ұялы қосымшасын, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ (ХҚКО), www.egov.kz сайтын, Telegram Бот EgovKzBot2, VK – eGov.kz парақшаларын пайдалануға болады.