Энергетикалық сусындардың зияны
Қазір Қазақстан нарығында «DIZZY», «Red Bull», «Monster Energy» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылуда. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клубта қыдыруды ұнататындарға нағыз құтқарушы болды-мыс.
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Одан асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді.
Сергектік сыйлайтын сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болса, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемдікіндей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты жасөспірімдер көп ішсе, олар түрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен гипертониясы бар жандарға бұл сусынды ішуге мүлде болмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады.
Адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазан айында тіркелді. Пенза қаласының студенті осы сусындарды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмды. Міне, содан да болар, Франция мен Германия елдерінде бұл сусындарды өндіруге мүлде тыйым салған.