Қарттарым асыл қазынам!
Ағымдағы жылдың 28 қыркүйек күні 1 қазан «Қарттар күні» мерекесіне орай Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының мәжіліс залында жиын өткізілді. Жиында орталықтың бас дәрігері Серік Дүйсенәліұлы Жетібаев еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт өмір кешуіне өз үлесін қосқан 92 ардақты да аяулы ардагерлерді құттықтап, арнайы дайындаған сыйлықтарын табыс етті. Қалған қарт жандардың үйлеріне қызметкерлер барып, сыйлықтарын ұсынып, жылы лебізін білдіріп, ардагерлердің ақ батасы мен ризашылығына бөленіп қайтты. Ақыл-парасат пен таусылмас мол өнеге-өсиеттің шырағы ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз әрқашан ел құрметінен тыс қалған емес. «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» деген аталы сөзді бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз, күнделікті өмірлеріне кішкене болса да күлкі мен куаныш сыйлау біз үшін де үлкен мәртебе. Қазыналы қарттарымызға дендеріңізге саулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілейміз.