2021 жылғы 11 ақпанда Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығында 2020 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары бойынша жиналыс болып өтті. Жиналысқа Жамбыл облысы әкімдігінің облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мурзакасымов Хамит Саттарқұлұлы қатысты. Өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы жан – жақты әңгіме болып және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің тиімділігі мен сапасын арттыру бойынша 2021 жылға арналған міндеттері туралы айтылды. Негізгі баяндаманы Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты С. Жетібаев жасап, онда бірқатар түйінді мәселелерді шешудегі іс – қимылдарға сыни көзқарас білдіре отырып, осы мәселелерді үстіміздегі жылы шешуге бағытталған нақты жолдарын атады. Өткен жыл сенсомоторлық реакцияларды, интеллектуалдық қабілетті, кәсіби бағытты және суицидалдық әрекетке бейімділікті зерттеуге арналған жоғары дәлдікті жаңа жабдық алынды. Физкабинеттерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи приборлармен жабдықталды, 20 орынға арналған, оттегімен емдейтін кешенді жабдық орнатылды, психиатриялық ауытқулары бар науқастарға арналған қыдыру алаңдары жасалды. Шешілетін мәселелер баршылық: зертханаларды халықаралық стандарттарға сай аккредитациялау, пациенттердің спортпен шұғылдануларына жағдай жасау, науқастарды емдеумен қатар, кәсіппен айналысу мәселесін шешу және т.б.
Облыс әкімдігінің облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Х.С.Мурзакасымов ұжымның атқарған жұмыстарының нәтижелеріне оң баға бере отырып, белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығын атады, осы мәселелерді жүзеге асыруда ұжымның бірлесе іс – қимыл жасауы қажет екенін атап өтті. Халыққа медициналық – әлеуметтік көмек көрсету барысындағы жеткен жетістіктерге қарамастан, психикалық және тәртіптік ауытқулары бар тұлғаларға дәрігерлік жетіспеушіліктің орнын толтыруға назар аудару қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол жеткіншектер арасындағы орын алып отырған суицид жағдайларының алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жүргізу қажет екенін айта отырып, ол үшін мектептердегі психологтармен, Орталықтың бастауыш ұйымдары және психикалық денсаулық кабинеттері арасындағы жұмыстарды атқаруда өзара байланыс жасау өте маңызды екенін атап өтті. Жаңа прогессивті әдістерді енгізу, жабдықтарды жаңарту мәселелерін шешуге облыстың денсаулық сақтау басқармасы әрқашанда қолдау жасауға дайын екенін атап өтті.